Книга Бақыт жолы - читать онлайн бесплатно, автор Олжас Куантканович Сеитов. Cтраница 4
bannerbanner
Вы не авторизовались
Войти
Зарегистрироваться
Бақыт жолы
Бақыт жолы
Добавить В библиотекуАвторизуйтесь, чтобы добавить
Оценить:

Рейтинг: 0

Добавить отзывДобавить цитату

Бақыт жолы

Біз тек бір акционер мен бір қызметкер арасындағы қақтығысты қарастырдық. Бірақ, негізі, іс-жүзінде екі қызметкер арасында жанжал болады. Ал кейде бірнеше, тіпті жүздегендерінің арасында. Міне осы кезде, нағыз көтеріліс басталады. Сіз енді сыртқы жаулармен күреспейсіз. Өзіңізді іштей жеп, өз-өзіңізбен күресесіз. Кейін ауырып қалып, онкологияға, инфарктке, депрессияға немесе суицидке дейін барасыз.

Бұл «көтерілістің» мәнін түсіну үшін бізге моделімізді біршама күрделендіру керек. Олай болса кеттік.

1.7 тарау. Түпсанадағы даму және қауіпсіздік қызметтері

Егер біз өз ақыл-санамызды ірі корпорация ретінде қарастырған болсақ, компания ішіндегі әрбір функция жайлы әзірге ойламай, алдымен барлық қызметкерлердің күрделі жұмысы қалай ұйымдастырылғаны туралы түсінік алайық. Біз үшін корпоративтік ішкі қақтығыстардың мәнін анықтау маңыздырақ, өйткені біз адамның неліктен кейде іштей өз-өзімен күресетінін түсінгіміз келеді.

Егер сіз бұрын жалдамалы жұмыс істеген болсаңыз не жеке бизнесіңіз болған болса, барлық жанжалдардың негізгі себебін байқаған боларсыз. Олар әдетте мүдделердің сәйкес келмеуінен пайда болады. Ал ең көп тараған келіспеушілік бухгалтерия мен сату бөлімі арасында жиі кездеседі. Немесе заңгерлер мен клиент менеджерлері арасында. Я болмаса, егер бұл банк болса, тәуекел- менеджерлері мен несие менеджерлері арасында жанжал болып тұрады. Бұл шайқаста, байқасаңыз, есепшілер, заңгерлер, тәуекел менеджерлері, әкімшілер және т.б. жиі әділетсіз жеңіп жатады. Неліктен бұлай болады? Сату бөлімі компания үшін және барлық қызметкерлер үшін игілікті қалап, көбірек сатқысы келед емес пе? Онда неге бастық кейде сату менеджерлерінен гөрі бухгалтерді көбірек тыңдайды?

Бұл қызметкерлер арасындағы негізгі келіспеушіліктер бір топтың – алға дамуды, екіншісінің – қауіпсіздікті ойлайтынында болып отыр. Ал бұл ішкі күресте әдетте қауіпсіздікті ойлайтын топ жеңеді. Мысалы, сіз ірі, салиқалы компанияда даму жөніндегі директор ретінде жұмыс істейсіз. Бірақ егер кіруге рұқсат қағазыңызды ұмытып кетсеңіз, қауіпсіздік қызметіндегі сынақ мерзімін өтушінің өзі сізді ғимаратқа кіргізбейді. Сіз бұл компанияда осы сынақ мерзімін өтушіге қарағанда маңыздырақ адам болып көрінетін сияқтысыз, бірақ дәл осы кезде сіздің оған емес, оның сізге билігі көбірек болып тұр. Қалайша?

Тағы бір мысалды алайық, сіз клиенттермен жұмыс жасау менеджері ретінде бірнеше миллионға келісім-шартқа отырғыңыз келді делік, бірақ құжат грамматикалық қатеге не «Кеңсеге жеткізілетін 10 литр ауыз судың құнын өтеу» деген сияқты маңызды емес пункттің жазылу жолына мін таққан «қырсық» заңгер қолында ұзақ уақыт тұрып қалады. Осы әрекеті үшін оны неге жұмыстан шығармайды? Неге ол осыншалықты билікке ие, оның үстіне, бастықтың компаниясының игілігін ойласаңыз да, неге ол сізден гөрі сол заңгерді жиі тыңдайды? Сіз компанияның ілгері дамуын қалайсыз, бірақ бастығыңызбен бірге әлгі заңгер, компанияны алға дамытқысы келмейтіндей көрінеді. Сонда мұнда проблема неде? Сіз нақты клиенттерді, нақты дамуды, нақты ақшаны көріп тұрсыз, бірақ неге сізді адамдардан оқшауланған, бизнес туралы хабары жоқ және компанияда болып жатқан нәрселердің мәнін түсінбейтін бір қырсық қызметкер басқаруда?

Мен бұл мысалдарды түпсана механизмі қалай жұмыс істейтіні туралы ойлануыңыз үшін келтіріп отырмын. Түпсанамыздағы барлық ақаулар компанияда болып жатқан ақауларға айны қатесіз ұқсайтынына сенімді болыңыз. Енді мұны нақты мысалдармен көрсетейін. Бірде сіз қала орталығында өте әдемі үйлену тойын көріп, бір күні сізде де осындай той болады деп өзіңізге уәде бердіңіз. Кейінірек, сіз алғашында күйеуіне риза болған, бірақ үйлену тойынан кейін әпкеңіздің, үйдегі толассыз зорлық-зомбылықтың салдарынан, кенет бақытсыз болып кеткенін көрдіңіз. Осыдан кейін сіз ер адамдарға сенбеу туралы шешім қабылдадыңыз. Енді сізде екі қарама-қарсы пікір бар. Бірі – үйлену тойы деген жақсы. Екіншісі, үйлену тойы – жаман. Ал егер болашақта сіз армандаған жігітті кездестіріп, ол сізге тұрмысқа шығуға ұсыныс айтса, ұсынысты қабылдауға толық ынтаңыз болмайды. Осы кезде сізде ішкі қайшылықтар басталады. «Қызметкерлеріңіздің» бірі: «Үйленбе, ол кейін жауыз болады» дейді. Ал тағы бір «қызметкер» сізге: «Мен осыдан екі жыл бұрын қала орталығында көрген керемет үйлену тойын қалаймын» дейді. Егер өз ойларыңызды сұрыптауды әдетке айналдырмаған болсаңыз, онда сіз таңдаған жігіттің кейін жауызға айналатынына сендіріп тұратын «жаман қызметкердің» шешімін таңдайсыз. Бастықтың қабілетті сатушыдан гөрі, қырсық заңгерді қолдағаны туралы жоғарыда келтірілген мысалдағыдай, сіз де жарқын ойды елемей, өзіңіз аңдамай жағымсыз ойды қолдайсыз.

Ендеше осы зиянды және жарқын ойлардың табиғатын жақсырақ түсінейік. Пайда болу себебін қарастырсақ, біріншісі соншалықты зиянды емес екенін түсінеміз. Олар қауіпсіздікті шынымен қалаған кезде пайда болады. Мысалдағы: «Үйленбе, әйтпесе күйеуің ұрып-соғады» деген ой, яғни команда, бізді болуы мүмкін қауіптен сақтайды. Бұл ой – сіздің қызметкеріңіз, тірі микроорганизм, ол сіздің кейінірек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, қиналғаныңызды қаламайды. Демек, сіздің түпсанаңыз сізді құрту мақсатын көздемейді. Бұл ой жәй ғана өз функциясын жанкүйер сияқты асыра орындайды және сізді болуы мүмкін қауіпке сендіре отырып, жағдайды айтарлықтай драмаға айналдырады.

Ал жарқын ойлар, керісінше, дамуға, ләззат алуға, бақытқа және жағымды сезімдерге қол жеткізуге бағытталған. Яғни, олардың да еш зияны жоқ. Жарқын ойларда қауіп немесе қауіпсіздік ұғымы ғана жоқ. Тек жеңілдікті, еркіндікті және позитивті бейнелерді қамтиды.

Пейнхантингте бұл жарқын ойлар тобын – дамыту қызметі, ал зиянды ойлар тобын – қауіпсіздік қызметі деп атаймыз. ДҚ және ҚҚ деп қысқартсақ болады.

Қауіпсіздік қызметі, дамыту қызметінен айтарлықтай ерекшеленеді. Оған тән ерекшеліктерді қарастырайық. Алдымен тағы да абстракцияланайық.

Компанияда есепшілер, заңгерлер мен күзетшілердің принципті өте қатты ұстанатындарын байқағансыз ба? Оларға әдетте икемділік жетіспейді және өте қыңыр болуы мүмкін, солай ғой? Керісінше, сату бөліміндегі жақсы менеджерлер жеңіл, икемді және тапқыр болады. Міне, тура осындай қасиеттерге қауіпсіздік қызметі мен дамыту қызметі де ие.

Егер компанияның қауіпсіздік қызметінде, дамыту қызметіне қарағанда көбірек қызметкерлер болса, онда компания әдетте дамуын тоқтатады және жұмысы тым баяу жүреді. Мысалы, ірі банктер немесе мемлекеттік органдар кейде қарапайым мәселені шеше алмай жатады, өйткені оларда қауіпсіздік ережелері аса көп және көп қызметкерлер дамуды емес, ең алдымен қауіпсіздік туралы ойлайды.

Енді түпсанаға қайта оралайық. Егер сіз бір өте сақ адамды кезіктірсеңіз, оның кейде бәріне байыппен қарайтыны соншалық, ол тіпті ақымақ істер жасай бастайтынын байқайсыз. Мысалы, егер ер адамның әйелдерден жиі көңілі қалса, оның қауіпсіздік қызметі әрбір әйелді жаман адам ретінде көреді. Егер бір жас қыздың бала кезінде көңілін қалдырған әпкелері болған болса, оның ішкі қауіпсіздік қызметі айналасында сатқындар мен сенімсіз достарды көреді.

Яғни, қауіпсіздік қызметінің маңызды қасиеттерінің бірі – ҚЫҢЫРЛЫҚ пен ПРИНЦИПКЕ БЕРІКТІГІ. Саясаткерлердің бәрі ұры немесе байлардың бәрі сараң деп отырған көлік жүргізушісін кезіктірсеңіз, бұл сөздерді оның өзі емес, қауіпсіздік қызметі айтып отыр! Сондықтан оған ренжімеңіз. Қауіпсіздік қызметі билікті өз қолына алғанда, өз компаниясының басқарма төрағасын кеңсеге кіргізбейтін қыңыр күзетшіге айналады. Сізді сырттан келген зұлым адамдардан қорғау үшін өзіңіз жалдаған күзетші, жалақыны оған беріп отырған сіз болсаңыз да, бір күні, өзіңізге қарсы шығып, қиындық туғызады! Сіздің қауіпсіздік қызметіңіз жағдайды қандай абсурдқа әкеліп соқтыратынын түсіндіңіз бе?

Дәл осындай ақаулық адекватты әйел өз баласынан қылмыскерді немесе қас жауды көре бастағанда пайда болады. Бұрын осы әйелдің өмірінде бір жағымсыз оқиға болған делік: мұғалімдер оған пәнді жақсы білмейтінін айтып, ол емтиханнан өте алмай қалады, сондықтан кейін оқу орнына да түсе алмайды. Бір күні оның баласы: «Анашым, сіз смартфонды қалай пайдалану керектігін білмейсіз бе?» деп сұрайды. Осы сәтте анасының түпсанасында «қауіпсіздік қызметінің қаруланған мамандары» тез қорғанысқа шығады. Яғни, ол баласын ұрып жіберуі мүмкін немесе ұрысып, баласы оған бұған қатысты ештеңе демесе де, өзінен-өзі топас емес екенін дәлелдеуге тырысуы мүмкін. Осылай қауіпсіздік қызметі жағдайды ушықтырады.

Жалпылау, баламалап ұқсату да қауіпсіздік қызметінің қасиеттері болып табылады. Белгілі бір адамның кесірінен зардап шеккен қауіпсіздік қызметі, енді әрбір адамда қауіпті көре бастайды. Мысалы, егер бір жас қызды 30 жасар интелегентті, ұзын бойлы, сымбатты жігіт тастап кетсе, қауіпсіздік қызметі «интелегенттінің бәрі оңбаған», «бойшаңдардың бәрі сенімсіз», «сымбатты жігіттердің бәрі қатыгез» және «30 жастағы ер адамдардың бәрі қауіпті» деген тұжырымдарды жазып алады. Осыдан көрінетіндей, қауіпсіздік қызметі туралықтан алыс. Ол тек жалпылауды және ұқсатуды біледі. Тіпті егер бір күні қыздың 30 жастағы жігіті пайда болып, ол аласа бойлы және сымбатты болмаса да, қауіпсіздік қызметі оның бойында да қауіпті көреді, өйткені жігіт 30 жаста!

Ал даму қызметінің, қауіпсіздік қызметінен айырмашылығы, біліне бермес айырмашылықтарды, ұсақ-түйек бөлшектерді анық көреді және жалпылауды ұнатпайды. Егер сіз өте бақытты адамдарды кездестірген болсаңыз, олар: «бәрі солай дейді», «барлық еркектер оңбаған» немесе «барлық әйелдер қаншық» деген сөздерді өте сирек қолданатынын байқаған боларсыз. Олар осылай айтқан күнде де, мүмкіндігінше нақтылап, шектен шығудан аулақ болуға тырысады. Мысалы, олар: «кейбір әйелдер онша мейірімді емес» немесе «әке тәрбиесін көрмей өскен ер адамдар көбіне сенімсіз болады» дейді. Олар: «ешқашан бұлай істеме», «сен өмірі кешігіп келесің», «сеннің ақымақ екеніңді бүкіл әлем біледі» немесе «сен өмірі сәтсіздікке ұшырайсың» деген тіркестерді сирек қолданады. Ал бұл тіркестердің барлығында да баламалап ұқсату бар екені анық. Адам бір рет қателесті, ал оның байғұс досы енді оған өмірі қателесіп жүретінін айтады. Бақытсыз адам біреуден досы туралы жағымсыз сөз естіп, оған: «Сені бүкіл әлем жамандап айтып жүр» дейді. Бақытты адам мұндай жағдайларда мәліметті асыра сілтемей, өте тура жеткізеді немесе бұл туралы мүлдем айтпайды да.

Кейбір адамдар «теңестіру, сәйкестендіру» дегенді дұрыс түсінбейді. Сондықтан мен бұл ұғымды аздап түсіндіргім келеді. Теңестіру не сәйкестендіру деген – белгілерді есепке алу, мәнін анықтау немесе бір фактілер тобын басқаларымен салыстыру арқылы сәйкестікті орнату. Мысал келтірейін: бір әйел Африкада болғанда безгекпен ауырып қалады. Осы кезде түпсана мынадай теңестіруді жазып алды: «Африка = безгек», немесе «Африкаға барлық сапарлар безгекпен аяқталады». Яғни, бір ғана жағдай әсіреленіп, жалпыланып, осыдан қате теңестіру пайда болады. Безгек – мың белгілердің бірі ғана. Бірақ енді түпсана Африканы тек безгекпен ғана сәйкестендіріп тұр. Немесе безгекті тек Африкамен теңейді.

Мысалы, ата-анаңыз сіз ән айтып, би билегенде сізге ұрысатын болған болса, сіздің санаңызда «Қуаныш = азап шегу» немесе «қуаныш = жаза» деген ақымақ теңдік жазылады. Міне, қате теңеу деген осы. Ал болашақта достарыңыз сізді дискотекаға шақырғанда, би кезінде немесе оның алдында, қауіпсіздік қызметі қате теңестіргендіктен, бір түсініксіз қорқыныш пен ауырсынуды сезінесіз.

Немесе егер бала туылған күні жақын адамынан айырылған болса, түпсана «туған күн = жақын адамынан айырылу» теңдігін жазады, сондықтан ол туған күнін жек көреді, сол күнді тойламай, ешкіммен араласпай оқшауланады. Туған күнінде ол жан дүниесінде түсініксіз азапты бастан кешіреді.

Ал пейнхантингтің көмегімен біз осы қате теңеулерді іздеп тауып, оларды жоямыз. Ең бастысы, теңестіру – дамыту қызметінің емес, қауіпсіздік қызметінің жұмысы екенін түсінуіңіз керек. Басқаша айтқанда, егер адам мұндай теңестіруге жүгінсе, оның қандай да бір жанға батқан ауруы бар екені сөзсіз, өйткені қауіпсіздік қызметі тек қауіп пен ауырсынудың «иісін сезгенде» ғана іске қосылады.

«Ұрып-соққаны – жақсы көргені» деген пікірдің кең таралуының басты себебі де осында. Мұндай адамда бір кездері бұрыс теңеу болған. Бала кезінде әкесі оны не елемеген, не ұрып-соққан. Үшіншісі болмаған. Яғни, әкесі оған ешқашан жылулық танытып, көңіл бөлмеген. Сондықтан да, әкесі оны ұрғанда, бала бұны сүйіспеншіліктің көрінісі деп ойлаған. Енді балаға әкесінің оны елемегенінен гөрі, ұрғаны ұнайтындықтан, ол «ұру = сүйіспеншілік» немесе «зорлық = махаббат» деген ақымақ тұжырымды жазып алады. Ол ұрыс-керіс пен зорлық-зомбылық сүйіспеншіліктің белгісі деген пікірмен өмір сүретін болады.

Ал енді эмоциялар әлемін еске түсірейік. Алдыңғы тарауларда біз «бейтараптық» деген деңгейі бар эмоциялар шкаласын қарастырдық. Енді сіз бұл бейтараптықтан жоғары, негізінен, дамыту қызметі жұмыс істейтінін есте сақтауыңыз керек. Егер адамның эмоциясы осы деңгейден төмен болса, онда оның қауіпсіздік қызметі белсенді жұмыс істейді.

Басқаша айтқанда, барлық жағымсыз эмоциялар қауіпсіздік қызметіне тән. Позитивті және бейтарап эмоциялар дамыту қызметіне ғана тән. Енді қауіпсіздік пен дамыту қызметтері туралы осы теорияны оқығаннан кейін, кейбіреулеріңіз: «Қауіпсіздік қызметі пайдалы ғой. Ол бізді қауіп-қатерден қорғайтын болса, оған неге тиісу керек?» деп ойлаған боларсыздар.

Сондықтан, бұл жерде тағы да нақтылап айтуым керек жайт – қауіпсіздік қызметінің проблемасы, оның барлық командаларды асырып, тым турашылдықпен орындауында және кейде жақсы мен жаманды шатастыратындығында болып тұр. Қауіпсіздік қызметі тек ақ пен қараны көреді, басқа көптеген түстер мен реңктерді ажыратпайды.

Егер адамды оның қауіпсіздік қызметі тым көп басқаратын болса, ол не қылмыскерге, не суицид жасаушыға, не психикалық науқасқа айналады. Қауіпсіздік қызметінің ықпалы аз болса, адам өнерлі, көңілді де жайдарлы, бақытты, табанды да жауапты болады. Сонымен қатар ол сақ әрі қырағы болады, бірақ бұл сақтықты ақымақ қауіпсіздік қызметі емес, ақылдырақ дамыту қызметі басқарады. Сондықтан, егер ол болашақта сұр қасқырдан қорқатын болса, ол сұр пальто, сұр ит пен сұр көліктен емес, сұр қасқырдың өзінен қорқатын болады, түсінесіз бе?

Бақытқа қол жеткізгіңіз келсе, мұрныңыздың дәл алдында тұрған осы бақытты көрсеңіз болғаны. Егер сіз оны көрмесеңіз, оның жалғыз себебі – сіздің қауіпсіздік қызмет тобыңыз. Дәл осы топ сізді бақытсыз, ақымақ және соқыр етеді. Сізге қауіп төніп тұрғанын сыбырлап, бақытты болуыңызға жол бермейтін де сол.

Бақыт Тибетте емес. Бақыт басқа елде емес. Бақыт басқа адамда емес. Бақыт басқа әрекеттерде емес. Өз пәтеріңізде тұрып, дәретхана тазалап жүрсеңіз де шынайы бақытты бола аласыз, тек ол үшін түпсансңызда қауіпсіздік қызметін тоқтату керек. Егер қауіпсіздік қызметі бар қуатымен жұмыс істеп тұрса, сіз ең керемет адаммен бірге болсаңыз да, әлемдегі ең жақсы қонақ үйде тұрып, ең жақсы мейрамханада тамақтансаңыз да, бақытсыз боласыз.

Сонда осы зиянды қауіпсіздік қызметімен не істеу керек? Оның зиянды әсерін қалай жоюға болады?

Жауабы қарапайым – онымен жұмыс жасай білу керек. Келіссөздер жүргізіп, қарым-қатынас жасай отыра, оны ақылдырақ етіп, осылайша бірте-бірте одан билікті алып, оны дамыту қызметіне тапсыру керек. Біз дәл осы істермен айналысатын боламыз. Осы әдісті қолдана отырып біз сізді бақыттырақ, күштірек және дана етеміз.

Енді үшінші векторға көшейік. Бұл – біздің есте қалған бейнелеріміз.

1.8 тарау. «Е» ВЕКТОРЫ – Жадымызды жаман бейнелерден қалай тазартуға болады?

Біз пейнхантингтің екі векторын қарастырдық. Бұл эмоциялар мен ойлар. Сіз олардың бір-бірімен байланысты екенін анық түсіндіңіз. Сондай-ақ эмоцияларымыз шкала бойынша жоғары деңгейде болған кезде, ойларымыз дана әрі адекватты болатынын түсіндіңіз. Керісінше, эмоцияларымыз шкаланың төменгі жағында болғанда, ойларымыз ақымақ та қисынсыз болады.

Ал жадымызда ше, шкала бойынша көтерілгенде не төмендегенде, не болады?

Балалық шағы бақытты өтсе де, кейбір адамдардың 40 жасына таман, өмірінде болған бар қуанышын ұмытып, тек жаман бейнелерді ғана есте сақтайтыны туралы айтқан едік. Алайда бұл адамдардың өзімен бір ортада, бір уақытта өмір сүрсе де, тек жақсы бейнелерді ғана есінде сақтайтын жақын туыстары не достары да бар ғой.

Яғни, олар бірдей нәрсені көреді, бірдей эмоциялар мен сезімдерді бастан кешіреді. Бірақ біреуі тек жаманды, ал екіншісі тек жақсыны ғана есте сақтайды. Бұл не нәрсеге байланысты?

Мұнда бір қарапайым механизм бар. Біз эмоциялар шкаласы бойынша неғұрлым жоғары тұрсақ, бейнелеріміз соғұрлым жарқын болады. Әдетте, апатиядағы адам дүниені мұңды және бос, мәнсіз етіп көреді. Ал шкала бойынша жоғарыда тұрған кезде, ол әлемді өте жарық та жарқын етіп елестетеді.

Сондықтан да, егер өмірім тозаққа айналған, есімде бірде-бір жарқын естелік жоқ деген адамды кезіктірсеңіз, оның сөзіне сенбеңіз және айтқандарын тікелей мағынада қабылдамаңыз. Егер ол тозақта өмір сүріп жатырмын деп ойласа, онда ол қазіргі уақытта шкала бойынша өте төменде тұр, бары осы. Егер оның бейнелерін пейнхантингтің көмегімен түрлендірсеңіз, ол бақытқа, еркіндік мен қуанышқа толы мүлде басқа әлемді көре бастайды.

Эксперимент жасап көріңіз. Көзіңізді жұмып, өміріңіздегі ең жағымсыз сәттерді есіңізге түсіріңіз. Содан кейін көзіңізді ашып, айналаңызға қараңыз. Не сезінгеніңізді есте сақтаңыз. Содан кейін қайтадан көзіңізді жұмып, бақытты болған кездерді, айталық алғаш ғашық болғаныңызды, өте құнды нәрсені сатып алғаныңызды, өзгелердің сізге қарап таңданған кездерін және т.б. кездерді еске түсіріңіз. Бұл жаттығуды көзіңізді жұмып, өміріңізде болған барлық жарқын кездерді еске түсіріп, бес-жеті минут бойы орындаңыз, содан соң көзіңізді қайта ашыңыз. Сонда сіз бөлмеңіздің жарқырай түскенін байқайсыз. Осы орайда бір қызық жайтқа назар аударыңызшы: бөлме сол, ешкім тағы бір шамды жаққан жоқ немесе тұсқағазды ашығырақ түсіне ауыстырған жоқ. Бірақ сізге бөлме жанданған сияқты, бұның мәнін түсінесіз бе? Сонда, мұнда шындығында не болды?

Сіз жәй ғана қазіргі уақытқа қайта оралдыңыз. Жамандықты еске түсіргенде, біз қауіпсіздік қызметінің жұмысын белсенді етеміз. Қауіпсіздік қызметі болса, әлемді тек ақ пен қара түсте көреді. Ал жақсыны еске түсіргенде, біз бұл қызметті өшіреміз, сонда жадымыздағы жаман естеліктер мен ойлар түріндегі қауіпсіздік қызметінің «бағдарламалары жабылады» да, әлемді толық қабылдауға жол ашылады. Бұндай күй «Осында және Қазір» деп аталады. Өмірден барынша рақат алғанда шкала бойынша жоғары көтерілесіз де, дүниені жарқын түстерде көресіз. Негізі, айнала енді ғана жарқырай түскен жоқ, СІЗ оны солай, шын мәнінде бар күйінде көрдіңіз.

Ал енді осы бейнелердің бір таңғажайып табиғатын айтайын. Егер сіз бұрынғы бір жағымсыз естелікті көп рет қайта қарастыратын болсаңыз, бұл бейне жарқын бола түседі! Бұл жайт қарапайым, сөйте тұра таңқаларлық. Бірақ ең таңғаларлық парадокс – осы білімді ешкім қолданбайды.

Өміріңізде болған қиын кездерді еске түсіріңіз. Біреудің сізге «бұл туралы тағы айтып берші» деген команданы бірнеше рет айтып тұруын сұраңыз және оған дәл осы оқиғаны бірнеше рет көзіңізді жұмып айтып беруге тырысыңыз. Бұл оқиғаны бірінші рет еске түсіру сізге қиын болатынын байқайсыз, бірақ екінші, үшінші рет еске түсіру жеңілдей түседі. Кейін, бесінші, оныншы немесе жиырмасыншы рет бұл бейненің жарқын бола түсетіні сонша, жағымсыз ештеңе де қалмайды және сіз бұл оқиғаны жантыныштығымен, тіпті мүмкін, жағымды эмоциялармен еске алатын боласыз.

Рухани тәжірибемен айналысқан не медитацияны терең зерттеген адамдар мынадай қызықты құбылысты біледі:


«Естілік жамандықты жақсы, ал жақсыны одан да, өте жақсы етеді»


Немесе, басқаша айтайын. Егер сіз өміріңізде бақыттырақ бола түссеңіз, сіз тіпті жаман нәрселерді жақсы деп қабылдайтын боласыз, ал жақсы нәрселерден одан да керемет нәрсені көре бастайсыз.

Мен мұны неге айтып отырмын? Мұнымен мен сізге адамның психологиялық күйін жақсартудың экологиялық таза әдісі бар екенін айтқым келеді, оның мәні – бір жағымсыз оқиғаны бірнеше рет қарастыруда не қайталап айтып беруде. Сонда бұл оқиғаның ішінде жаманның бәрі жақсыға айналады, ал жақсысы, одан да керемет болмақ. Ақыр соңында сіздің жадыңыздағы естеліктер жарқырай түседі!

Түсінген боларсыз, ескі бейнелерді өзгерте отырып, қалған векторларды да өзгертесіз! Эмоциялар шкаласымен жоғарылағанда, сіздің жағымсыз ойларыңыз, позитивті ойларға айнала бастайды.

Бірақ, өкінішке орай, әрқашан бәрі біркелкі бола бермейді. Жаман бейне ешбір жолмен жақсармайтын кездер де болады, сіз оны көп рет қарастырсаңыз да, оның ішінде қандай да бір жаман кейіпкер, сол күйі жаман болып қала береді. Сондай-ақ, эмоциялар шкаласында да, бір деңгейде тұрып қаласыз және жағымсыз ойларыңыз жақсы жаққа өзгермейді. Неліктен бұлай болады?

Бұл жағдайда түпсана басқа бір нәрсені, бұның алдында болған оқиғаларда жасырын жатқан түп тамырды көреді. Мысалы, бір қыз жігітімен айырылысып кетті делік. Сіз одан бұның қалай болғанын сипаттап беруін сұрайсыз. Ол жігіттің «бізге айырылысу керек» деп хабарлама жазғанын, басынан өткерген барлық сезімдерін, іс-әрекетін, ойларын айтады. Алғашында ол жылап жібереді. Ол шкала бойынша сәл көтеріледі де, кенет ашу деңгейінде тұрып қалады. Бейне де өзгермейді. Оған бұл айырылысу жаһандық апат тәрізді және жан азабы басылмайтындай көрінеді. Сіз одан оқиғаны тағы да қайталап айтуын сұрайсыз, бірақ ол, сол бір нәрсені айтады. Осы кезде сіз оған осының алдында болған, осыған ұқсас оқиғаны есіне түсіруге көмектесуіңіз керек! Сонда осы жолы, сіз нысанаға дәл тиесіз.

Бұл жас қыздың шкаламен жоғары көтерілмеуінің себебі, ол түпсанасында айырылысқандықтан емес, осы айырылысу бұрынғы жағымсыз естелікті қозғап жібергендіктен азап шегуде! Мүмкін ол, бұрын басқа бір жігітінен айырылған болар не болмаса, әкесі не атасы қайтыс болған шығар. Енді оның қауіпсіздік қызметі ескі жан жарасын күшейтіп тұр!

Мен қауіпсіздік қызметі алманы апельсинге шатастыруы мүмкін екенін алдында түсіндірген болатынмын. Бұл жағдайда, қауіпсіздік қызметі, қазіргі оқиғаның қыздың әкесі қайтыс болып, бұл қыз үшін үлкен апатқа айналған бұрынғы оқиғамен ұқсастығын көріп тұр. Осы кезде қауіпсіздік қызметі «Адамнан айырылдық – бұл үлкен апат» деп қатты айғайлайтын «қызметкерді» дереу іске қосты. Бiрақ ол бiрiншi оқиғада туған әкесi екенін, ал екiншiсiнде үш рет қана кездескен, көшедегі бөтен жiгiт екенiн түсiнбейдi.

Енді не істеу керек? Сіз бұрынғы оқиғаға оралып, қыздан оқиғаны бірнеше рет қайталап айтуын сұрауыңыз керек. Содан кейін ол жылай бастайды, қайғырады және әкесінен айырылу оған қаншалықты ауыр тигенін, әкесі ол үшін қаншалықты бағалы жан болғанын айтады, осы кезде кенеттен оның қауіпсіздік қызметі өше бастайды да, жағымды эмоциялары пайда болады. Ал енді сіз одан жігітімен айырылысу оқиғасын тағы да қайталап айтуын сұрайсыз, сонда ол бұны, енді басқа сезімдермен есіне түсіре бастайды. Ол осы оқиға үшін қайғырғанына күледі де, қайтадан өмірдің мәнін көре бастайды. Ол кенеттен бөлменің жарқырай түскенін, терезенің арғы жағындағы шөптің жасылданып, аспанның көгілдір бола түскенін байқауы мүмкін.

Демек, сіз қазір ғана жан азабын өшіріп тастайтын құралдардың біріне ие болдыңыз, оны біз Риплей (ағылш. replay – қайталау) әдісі деп атаймыз.

Бұл әдісті қолдана отырып, сіз жақын адамдарыңыздың эмоционалдық проблемаларын оңай шеше аласыз. Мысалы, егер балаңыз достарының оны қалай ұрғаны туралы айта бастаса, барып сол балаларды ұруға асықпаңыз. Жоғарыда айтқанымдай, қауіпсіздік қызметі қосулы тұрған адамға ешқашан сенбеңіз. Сірә, достары оны ұрып-соқпаған да болар, бұл жерде жәй ғана баланың қауіпсіздік қызметі ұрды деген ойды санасында айналдырып тұр. Сондықтан оқиғаны қайта айтып беруін жұмсақтықпен сұраңыз, бұдан ұсақ-түйек мәліметті біле аласыз. Сонда кенеттен баланың ақылы кіріп, енді достарына еш кек сақтамайтынын айтады да, сол достарымен ойнауға жүгіре жөнеледі.

Әрине, мұны даналықпен істеу үшін, сіз өзіңіз де өте жақсы күйде болуыңыз керек және сіздегі қауіпсіздік қызметінде жағымсыз бейнелер болмауы керек. Бірақ, бұл жағдайда оқырмандардың кем дегенде 90% -ы баланы аяй бастайтынына не оның өзін кіналайтынына немесе баланы жазалайтынына, тіпті оны ренжіткен балаларды ұрғысы келетініне сенімдімін. Дәл осы жерде «адекватты емес» вирусы пайда болады, ол балаңыздан достарына, достарынан басқа адамдарға және т.б. беріледі.

Алдымызда бала тәрбиесі және жанжалдарды шешу туралы бөлек тарау болады.

Ал әзірше, түпсанамыздың негізгі механизмдерін түсінуіміз керек.

Біз «Есте сақтау» векторын талдадық, енді маңыздылығы жағынан кем тұрмайтын соңғысына, «Дене» векторына көшейік.

November 27

1.9 тарау. «Д» ВЕКТОРЫ – пейнхантинг нәтижесінде дене қалай өзгереді?

Бізбен жақсы не жаман нәрсе болғанда, денемізде қандай өзгерістер болатынын қарастырайық.

Адам өміріндегі барлық жанға батар проблемалардың оның сыртқы көрінісіне, келбетіне із қалдыратынын байқаған боларсыз. Мысалы, егер сіз бүкірейген адамды кезіктірсеңіз, онымен сөйлескеннен кейін оның өмірінде көп қысым мен ауыртпалық болғанын, өзін қарыздар сезінетінін және арқа сүйер ешкімі жоқтығын анықтай аласыз. Егер сіз үнемі гайморитпен ауыратын адамды кездестірсеңіз, онымен сөйлескеннен кейін сіз оны бұрын біреу тастап кеткенін, қорғансыз қалғанын, көз жасын тыйып, шағымдарын айта алмай өмір сүргенін байқайсыз. Ал егер сіз қабағын түйіп алған адамды көрсеңіз, оның өмірбаянынан қатал ата-ананы және қолдау мен сүйіспеншіліктің болмағанын біле аласыз.